Жаңалықтарды оқу
  • БАСТЫ БЕТ
  • РЕДАКЦИЯ
  • КӘСІПКЕР КЕЛБЕТІ ГАЗЕТІ
  • КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
  • БАЙЛАНЫС
  • Кәсіпкер келбеті газеті » Жаңалықтар » Ассалаумағалейкүм десең, ән салады

    Ассалаумағалейкүм десең, ән салады

    Қазақ амандық-саулық сұрауға аса зор мән берген. Баласын үйге келген үлкеннің алдынан шығып, қол алуға үйреткен. Сонымен бірге қазекем кісіге бір қолдап сәлемдесуді немқұрайлылық нышаны деп санаған. Алайда, бүгінде бір қолдап амандасу көпшілігіміздің әдетімізге айналды. Қос қолдап амандасу кезінде адамдардың алақанындағы жылылық бір- біріне өтіп, екі арада мейірбандық оянады. Бір қолын сарт еткізіп не «қолым бос емес еді» деп білегін беру – амандасудың ең сорақы түрі. Бірақ, мұны қазіргі күннің қалыпты салтына айналып кеткенін дәлелдеудің қажеті шамалы.

    «Кішіпейіл болғаннан кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғаннан ұлылыққа жетпейсің» дегендей, адамдардың өзара әдеппен сәлемдесуі әр күнгі тіршіліктің бойға даритын нәрі десек те жарасады.

    Ата-бабаларымызда амандасудың өзіндік ерекшеліктері, белгілі бір заңдылықтары болғанын білеміз. Ерлер мен әйелдердің бүгінгідей жаппай қол алысып амандасуы немесе бет сүйісуі бұрынғы кезде ұят саналған. Қазір бет сүйісіп амандаспасаң ұят, «мені менсінбей тұр» деп ойлап қалуы кәдік. Баяғының қыз бен жігіті қол алыспай, бас изеп амандасқан. Өйткені халқымызда бойжеткеннің әр азаматқа қол беруінен қытығы, ұяты кетеді деп есептелген. Қыздың қолын ұстау үшін арнайы серттескен күйеу жігіті ұрын келіп, «қолұстатар» салты орындалған. Бұл дәстүрде жеңгелер жағы екі жасты оңашада кездестіріп, қыздың қолын жібек орамалмен жабады. Содан кейін ғана жігітке қалыңдықтың қолын ұстауға рұқсат етілген. «Қолұстатар» рәсімін жасаған жеңгелеріне күйеу жігіт арнайы сый беретін болған.

    Дәстүрді дәріптеген халқымыз шаңырақты, табалдырықты және бесікті қасиетті санайды. Үйге кірген кісі алдымен шаңыраққа сәлем берген. Бұрынырақта апаларымыз бос тұрған үйге де сәлем салатын. Оны түсінген біз жоқ. Негізі қараша үйдің маңдайшасын кісі бойынан төмен қылып салу салты «үйге сәлем беріп кірсін» деген ниетпен астасып жатыр.

    Әлемдегі барша мұсылман «ассалаумағалеуйкүм» деп амандасады. Себебі, діңгегі мықты діннен келген амандасу баршамызға ортақ. Пайғамбарымыз: «Сәлем – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беруші сәлем алушының есіне сәлем салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмай қалса, сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелер алады», – деген.

    Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Абайды анасы Ұлжан: «Үлкендер бірде тату, бірде араз бола береді. Бөжекеңді көргенде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы көрген жақының еді. Кім тентек, кім мақұл, қайдан білдің? Әке дұшпан десе, сен әділ бол. Жамандыққа кім табылмайды, жанашырдан айырылма», – деп ағайыннан алыстатпай тәрбиелегені баяндалған. Арамызда жақынын жаттай көріп, бауырын бөтен санап, бір-біріне қырғиқабақ болып жүретін ағайындылар да кездеседі. Жоғарыда келтірілген әңгімеде Ұлжан ана баласын дәл осындай алауыздықтан сақтандырады.

    Бүгінде амандасуға мән бермей бара жатқанымыз сонша, сәлемдескен адамға теріс қарап тұрып қол соза саламыз немесе жауапсыз сұрақ жолдаймыз. «Сәлеметсіз бе» десе, «сәлеметсіз бе», «қалайсыз» десе, «қалайсыз» деп қайталаймыз. Бұл әдет сәлем арқылы бір-бірімізге беретін жылылықтан жылыстап, тілек тілеуден тіпті ада болдық па деген ойға қалдырады.

    Тасын ала берсең тау да таусылады, ежелден келе жатқан ата дәстүрін жалғамай, бір-бірден жүдете берсек қазақы болмысымыздан не қалады? Сол үшін ұлық жолды ұмытпай, бабалардың болмысы мен ізгі ізін жалғасақ, көненің орнын жаңамен алмастырған шақта сәлеміміздің де түзелетініне шүбә келтірмейміз.

    Бірде, кішкентай жиенімді «ассалаумағалейкүм деші» деп қолқаладым, ойым: үйрене берсін дегенім. Сөйтсем, ол «Ассалаума-ғалейкүм, Уағалейкүмассалам... » деп Төреғали Төрәлі салатын әнді сайрап берсін. Ерсі көрмедім, осы әнді жазған Ұлықпан Жолдасовқа рахмет дедім. Баяғыда Высоцкий орыстың қалып бара жатқан әндерін гитараға салып, жастарға жаңа мәнмен жеткізіп, жаттатқан ғой. Сол сияқты «ассалаумағалейкүмді» сөзбен үйрете алмасақ, әнмен үйреткеніміз дұрыс. Әйтеуір ата салтымен амандасуға баулығанымыз абзал.

    «Рухани жаңғырудың» басты қағидаты да осы ғой, ұлттық кодқа, ұлы санаға оралу.

    Д.АЯШҰЛЫ.