АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС, ОРЫНДАЛАР ЖҰМЫС ОДАН ДА КӨП
  • БАСТЫ БЕТ
  • РЕДАКЦИЯ
  • КӘСІПКЕР КЕЛБЕТІ ГАЗЕТІ
  • КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
  • БАЙЛАНЫС
  • Кәсіпкер және мәдениет туралы » Кейіпкерлер » АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС, ОРЫНДАЛАР ЖҰМЫС ОДАН ДА КӨП

    АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС, ОРЫНДАЛАР ЖҰМЫС ОДАН ДА КӨП

    Арал ауданының әкімі М.Оразбаевтың «Кәсіпкер және мәдениет» журналына берген сұхбаты

    – Аралдықтар үшін биылғы жылдың парағы қандай жақсы істермен жабылғалы тұр?

    – Міне, 2018 жылдың да 10 айын артқа тастап, жылды қорытындылайтын уақыт та келіп жетті.

    Статистикалық деректерге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді саралайтын болсақ, жыл ішінде аудан дамуында оң динамика байқалды, 10 млрд-қа жуық өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өсім 10 пайызды құраса, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,5 пайызға артты. Ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 70 пайыздан астамы өңдеу ісіне тиесілі болып, тұз, балық, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру жұмысы жолға қойылған. Арал ауданы – дамуында өзіндік ерекшелігі бар облыстағы аудандардың бірі мен бірегейі болып саналады.

    Мемлекеттік, аймақтық бағдарламаларды іске асыруда 15 пайызға артық инвестиция тартылып, 7 млрд теңгені құрады. Аудандағы кәсіпкерлер саны 10 пайызға артып, 5 млрд теңгеге жуық бөлшек сауда, 3 млрд теңгеге жақын көтерме сауда жасалынды. Қол жеткізген жетістіктердің ішінде, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруының басты айғағы – ол бюджеттің кіріс бөлігінің артуы болып отыр. Аудан бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 2,0 млрд теңгеге ұлғайып, 15 млрд теңгеге жетті. Бұл бірлік пен сабырлыққа жүгінген аудан халқының несібесі деп білемін.

    Әлеуметтік салада да ауыз толтырып айтарлықтай қол жеткізген жетістеріміз жетерлік. Биылғы жыл аудан үшін көптен бері қордаланған мәселелердің шешілуімен ерекшеленді. Жүз жылдық тарихы бар, аудандағы жалғыз орыс №14 мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, 150 орындық аудандық орталық аурухана пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аудан орталығының сәулетіне сәулет қосып, келер ұрпақты салауатты өмір салтына баулитын ашық спорт алаңы мен балалардың ойын алаңы салынды. Жыл ішінде пайдалануға берілген құрылыстардың қатарында, Сексеуіл кентіндегі спорттық-сауықтыру кешені, Арал қаласындағы 2 қабатты әкімшілік ғимараты мен типтік жобадағы, басқа аудандарда баламасы жоқ №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараттары бар.

    Апаттық жағдайдағы 1990 жылдары салынған тұрғын үйлердің орнына аймақ басшысының бастамасымен 27 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

    Инфрақұрылым мәселесіне келетін болсақ, әдеттегідей халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі биылғы жылы да басты назарда болды. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Конту, Аманөткел, Шижаға елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылды. Сексеуіл кентінің тұрғын үйлеріне су кіргізіліп, Арал қаласының №2 және №4 ықшам аудандарының ауыз су құбырлары жаңғыртылды.

    Жол жөндеу саласында жыл ішінде 1,5 млрд теңгеге жуық қаржыға жолды күрделі, орташа, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде айта кету керек, көптен бері шешімін таппай келе жатқан «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автокөлік жолы орташа жөндеуден өтіп, жол бойында орналасқан 12 мыңға жуық тұрғылықты халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі біршама жақсарды. Сондай-ақ, Арал қаласына, Райым-Водокачка, Қызылжар, Аманөткел елді мекендеріне кіре беріс жолдары мен Жаңақұрылыс-Бекарыстан би жолы жөндеуден өтті.

    Арал қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда заман талабына сәйкес ауылдық елді мекендерді газдандыру мәселелері шешімін табуда.

    Әрине, атқарылған жұмыстарымыздан, атқарар шаруаларымыз жетерлік. Алдағы бағыт-бағдарымызды Елбасымыз күні кеше халыққа жолдаған кезекті Жолдауында айқындап берді. Атқарушы билік ретінде, Жолдау бізге үлкен міндеттерді жүктейтіні анық, сондықтан ұлт көшбасшысының саралы саясатын іске асыру бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз.

    – Биылғы жыл облысымызда кәсіпкерлікті қолдау жылы болып аталды. Осыған орай ел игілігіне кәсіпкерлер қосқан қандай табыстарды атар едіңіз? Оларға қандай қолдау көрсетілуде?

    – Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың бастамасымен аймағымызда 2018 жыл жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды.

    Жақын күндері өткізілген облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімдігінің және облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен атаулы жыл 3 жылға ұзартылды. Яғни, 2018-2020 жылдар өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» болып белгіленді.

    Тарихи шешім қабылдануының нәтижесімен бірнеше жағымды себептер күтіліп отыр. Олар: кәсіпкерлік саласының дамуы, халықтың әл-ауқатының өсуі және жаңадан ашылатын кәсіпорындарда жұмыс орындарының құрылуы.

    Осы тұста Арал ауданында да біршама жұмыстар жасалып, кәсіп иелеріне қолдау шаралары жүргізіліп келеді.

    Бүгінде, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 90 адам оқу курстарын аяқтады. Ал, «Бастау Бизнес» жобасының 1, 2 және 3 легінде 120 адам оқу курстарын бітірсе, қараша айының 2-сі күнінен бастап қосымша 70 адам оқу курстарын бастап кетті.

    Бұл оқу курстарындағы азаматтар бизнес жүргізуге қажетті тиісті біліммен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылық қолдауға ие болу мүмкіндігін иелене алады.

    Жалпы, өткен жылдың осы кезеңінде аудан тұрғындары 680 млн. теңге несие алуға қол жеткізсе, биылғы жылдың 9 айында аудан азаматтары 1 412,3 млн. теңгемен ауданның несие портфелін толықтырды. Сондай-ақ, 155,5 млн. теңге болатын 47 жоба мақұлданып қазіргі таңда қаржы алу бағытында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.

    Бұл жобалардың басым бөлігі, мал басын асылдандыру, көбейту, айналым қаражатын ұлғайту, тиісті құрал-жабдықтар мен қажетті техникаларды алу, қоғамдық монша, кондитерлік өнімдер шығару, сұлулық салонын ашу және полиграфиялық қызмет көрсету секілді мәселелерді қамтиды.

    Аудан бойынша шағын және орта бизнес субьектілерінде 7234 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде аудандағы экономикалық белсенді тұлғалардың 23 пайызын құрайды (экономикалық белсенділер қаңтарда – 29694, 9 айда – 31575, 12 аймен – 31694).

    Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жыл басында 17635-ті құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 16402-ге жетіп отыр (7 пайызға кеміген). Тиісінше жұмыссыздар саны қаңтар айында 1690 болып белгіленсе, 9 айдың қорытындысымен бұл межелі көрсеткіш 1366-ға тұрақтаған (19 пайызға азайған).

    Осылайша, жыл ішінде бір ғана кәсіпкерлік саласынан 443 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 9 айында аудандағы кәсіп иелері тарапынан жергілікті бюджетке 824 млн. теңге көлемінде салық түсті.

    Есепті кезеңде аудан бойынша жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен жалпы құны 487,5 млн. теңге болатын 17 нысан ашылса, жыл соңына дейін жалпы құны 632 млн. теңге болатын 9 нысанды іске қосу жоспарлануда.

    – Арал – балығының байлығымен әйгілі. Осы шаруашылық төңірегіндегі әңгіме де көпшілікті қызықтыратын тақырып.

    – Бүгінгі күні, облыста балық шаруашылығы саласы ауыл шаруашылығы салаларының бірі болып қалыптасты деп толық айта аламыз.

    Балық шаруашылығы, өңірдің экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды болып отыр. Себебі, Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Алайда, Арал теңізінің тартылуы, 1980-ші жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорындар мен балық аулайтын шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңірлерге көшуге мәжбүр болды. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі, камбала глосса балығы ауланды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер берді. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Айтек су құрылысы кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Нәтижесінде теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады. Өз кезегінде, көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасады. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көрініс тапты.

    Ауданымызда балық аулау көлемі жыл санап артуда. Мәселен, балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті.

    Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Ал 2018 жылға Кіші Арал теңізінен 6469 тонна балық аулау лимиті, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 397 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне 30 тонна сонда аудан бойынша барлық лимит 6919 тонна болып бекітілген.

    Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін аумақтық инспекциясы Арал инспекциясы бөлімінің мәліметі бойынша биылғы жылдың қазан айына дейін ауланған балық 1683 тн. болса, аудандық статистика басқармасының жедел мәліметі бойынша осы кезеңдегі өңделген балық 2820 тонна.

    Мұндай мәлімет келтіруіміздің себебі балық аулау кезеңі ағымдағы жылдың 15 ақпанынан келесі жылдың 15 ақпанына дейін есепке алынатынын анығырақ түсіндіру үшін екенін айта кетейік.

    Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.

    Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

    Бүгінгі күні, 4 зауыт («Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары) балықты терең өңдеумен айналысатын болса, қалған 3-уі («Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын балық өңдеу зауыттары) балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады.

    Атап өту қажет, ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі тек бір кәсіпорында ғана бар. Ол – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі балық өңдеу зауыты.

    Арал аудандық аумақтық инспекциясының осы кезге дейінгі мәліметі бойынша 1531,597 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды, оның ішінде Ресейге 876,71 тн, Польшаға 356,40 тн, Грузияға 198,49 тн, Украинаға 100 тн. экспортталды. Негізгі экспорттаушы – «Арал СДО», «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Кошекбаев Д», ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С» секілді кәсіпорындар болып отыр.

    Аудан орталығынан 120 шақырымдағы Қосжар ауылында орналасқан Қамыстыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп құралдарымен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесімен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп өсірілуде.

    1950 жылдан кейін бірінші рет балықшылар слеті өтіп, дәстүрлі мерекеге айналды. Осы шараны жылда атап өту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен 2015 жылдан бастап қолға алынып, ауданымыздағы Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слеті ұйымдастырылып келеді. Осы 2018 жылдың 12-13 шілде күндері Арал өңірі балықшыларының IV слеті өткізіліп слетке Ресей федерациясынан, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан делегациялар келіп қатысып, жақсы көңіл күймен тарқасты.

    – Рухани жаңғыру бағдарламасына орай археологиялық, мәдени ескерткіштерге бай өлкеде қандай жұмыстар атқарылуда?

    – Аудан бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген тарихи-мәдени ескерткіштердің саны – 70, оның 1-і республикалық, 43-і жергілікті маңызы бар, 26 ескерткішке тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін беру мақсатында анықталған тарихи-мәдени объектілерінің тізіміне алынған. Археологиялық ескерткіштердің саны – 24.

    Ауданымыз бойынша «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және одан туындайтын қаулыларды басшылыққа ала отырып, аудан көлемінде мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, қорғау, пайдалану, оларды насихаттау бағытындағы жұмыстар атқарылуда.

    Мәдени мұра бағдарламасы бойынша 2010 жылы Бәсібек сағана тамына облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлініп реставрация жасалды. 2013 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға «Бегім ана» мұнарасы жаңартылды.

    2014 жылы аудан орталығындағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы орта мектептің ауласына ақынның 200 жылдығына орай облыстық бюджеттен бөлінген 9 млн. теңгеге бюст орнатылды. Сонымен бірге 2015 жылы Төлеген Медетбаевқа арнап орталық алаңда бюст бой көтерді.

    Бүгінгі таңда аудан орталығында «Жалаңтөс баһадүр», «Ақтан батыр мен Жанқожа батыр», «Жетес би», «Қыз Жібек пен Төлеген» сынды ескерткіштер мен символикалық белгілері бар. Олардың барлығы тарихи шындыққа негізделіп бейнеленген. Сонымен қатар «Тағзым» және «Тәуелсіздік» алаңдары қала көркіне ерекше үлес қосуда.

    2017 жылдың 8 қазанында құрыш қазақ Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдық мерейтойы атап өтіліп, орталық саябақта орнатылған ақынның ескерткіш монументі өз есімімен аталатын қалалық мәдениет үйінің алдына орнатылды.

    Жалпы, аудан бойынша облыс әкімдігінің 2018 жылғы 25 ақпандағы №1051 қаулысы бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген 70 тарихи мәдени мұра ескерткіштері бар. 42 ескерткіштің жер актілері мен техникалық паспорттар дайындалып, мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Бүгінгі күні 65 ескерткіш толықтай қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің теңгеріміне берілді.

    – Мұхтар Әуесұлы, баспасөз оқырмандары үшін жеке өміріңізге де тоқталып кетсеңіз. Сіз қарапайым тұлға есебінде қандай өмір салтын ұстанасыз?

    – Мен енді өзім туралы айтар болсам, 1971 жылы 10-сәуірде Арал қаласында дүниеге келгенмін. Мектеп қабырғасынан алған білімімді тәмамдаған соң, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша 1996 жылы бітірдім.

    Еңбек жолымды 1997 жылы «Арал балық өндірісі» АҚ-да автопарк механигі болып бастадым.

    1997-1999 жылдары «Көл» АҚ бас инженер, 2000-2002 жылдары Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі жетекші маманы, 2002-2005 жылдары аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, одан кейін 2006-2012 жылдары бастап аудан әкімі аппаратының басшысы, 2012 жылдың сәуір айынан бастап 2017 жылға дейін аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда отбасымызда 3 бала тәрбиелеп отырмыз.

    Жастайымнен салауатты өмір салтын ұстануға ден қойған жандардың бірімін. Әрине, балғын балалық шағымда спортқа бет бұрып, еркін күрес, жеңіл атлетика секцияларына қатысып жүрдім. Мемлекет басшысы елдегі бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл аударатынын сіз де жақсы білетін шығарсыз. Енді, қарапайымдылық туралы келер болсақ, бұл қасиет әрбір жанның бойында болуға тиісті. Онсыз жүрген ортадан өз орныңды таба алмайсың.

    – Алдағы келе жатқан жылға не тілек айтар едіңіз?!

    – Біз әрқашан әр күнге үмітпен қарайтын, тілегі мен жүрегі бір елміз. Ауданымыз үшін биыл да аз жұмыс атқарылған жоқ. Осы жылы біз бірқатар маңызды жобаларды қолға алдық және олар өз нәтижесін беруде. Ауданда бірнеше маңызды деген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жолдар жөнделуде. Жарықтандыру мен тазалыққа басымдық беріп, жүйелі жұмыстар атқардық. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын ұдайы назарда ұстап, көптеген тың бастамаларды жүзеге асырдық. Бүгінгі таңда барлық салаларда өткен жылман салыстырғанда ілгерілеушілік байқалды. Сонымен қатар, аудан көлемінде рухани әсері мол танымдық жобалар мен іс-шаралар өткізілді. Келер жылға келер болсақ, қазақта «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген тәмсіл бар. Демек, аудан халқы да жаңа тарихты ашатын келер жылдан үлкен үміт күтеді. Бастысы үстіміздегі жылдың қазан айында қалың бұқараға жол тартқан Елбасы Жолдауын жүзеге асыруды алдағы бағытымызға бағдаршам етіп қойдық. Жалпы, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мол. «Ұлық болсаң кішік бол» деген қағида аясында әрбір басшы елмен етене араласып, көптің ой-пікіріне құлақ түре білсе алысқа барады. Себебі, халықтың көзі қырағы. Ал, мемлекеттік қызметке келген тұлға халықтың сеніміне ие болмайынша мардымды іс жасай алмайды.

    «Бақ қайда барасың десе, береке-бірлігі мығым елге барамын» деген. Сол секілді берекесі мен ынтымағы артқан Арал ауданы парағын ашар жаңа тарихты да толымды табыстармен түйіндейді деген ойдамын.

    Сұхбатқа жауап алған:Д.АЯШҰЛЫ.