ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ
  • БАСТЫ БЕТ
  • РЕДАКЦИЯ
  • КӘСІПКЕР КЕЛБЕТІ ГАЗЕТІ
  • КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
  • БАЙЛАНЫС
  • Кәсіпкер және мәдениет туралы » Кейіпкерлер » ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

    ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

    Сырдария ауданының «Бесарық» аулында туған жерінің түғырын биіктетіп, өз дәуірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге ерекше еңбек сіңірген сауыншы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Ленин», «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Батыр ана Күлжан Әуезованың 90 жылдығына орай ауыл ортасынан көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды.

    К.Әуезова 1929 жылы өмірге келген. 1950 жылы «Победа» колхозында сауыншы болып еңбек жолын бастаған. Кейін ол Жамбыл атындағы колхоз, онан соң СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхоз болып құрылған. Бұл – қазіргі Сырдария ауданындағы «Бесарық» аулының ізі. Күжан анамыздың таңғы сағат 5-те тұрып, түнгі сағат 12-ге дейін сиырдың сауымымен, күтімімен айналысатын жанкешті еңбегін бүгінгілер аңыз қылып айтады. Тек өзінің ғана «тілін алатын» 50-60 сиырға ат қойып, әр сиырдан айына 3 мың литр сүт алған Күлжан анамыз қатарынан 17 жыл бойы облыс чемпионы атанған және оның осы еңбегін жастарға насихаттау мақсатында облыс бойынша К.Әуезова атындағы арнайы жүлде тағайындалған.

    Анамыздың жары Жұман Әуезов ҰОС ардагері, осы ауылдың өсіп-өркендеуіне бар өмірін сарп еткен майталман. Биыл ауыл ардақтысы Ж.Әуезовтің туғанына 100 жыл толып отыр.

    «Берекелі Бесарық» аталған бұл елді мекеннен көптеген еңбек майталмандары шыққан және Батыр аналар ауылы. Қазірдің өзінде ауылда 35 алтын, 40 күміс алқа иесі бар. Сонымен бірге «Жан шуағы» әжелер ансамблі құрылған. Ағайынды Сәрсенбаевтар қарамағындағы шаруашылық барлық жағынан көктеп-көгеріп келеді. Ауылды қамқорлыққа алған белгілі кәсіпкерлер ауыл ішін қала типтес етіп, гүлзарға бөлеп, халыққа қызмет көрсету кешендерінің бәрін заман талабына сай қайта салған. Міне, бұл Күлжан Әуезова сынды еңбек майталмандарының ерен үлгісі, бар күш-жігерін туған жерін көркейтуге жұмсаған жанның өмір жалғастығы.

    Осы жаңа үлгідегі ауылдық мәдениет үйінде К.Әуезованың өмір жолына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.

    Шара барысында өмірден өткен әкелеріміз бен аналарымыздың бұдан 30 жыл бұрынғы қайталанбас сәттерін таспаға түсіріп алған Қызылорда қоғамдық телеарнасының туындысы тамашаланды. Ауыл өнерпаздары К.Әуезова өмірінен сахналық қойылым көрсетті. Еңбек даңқына бөленген Күлжан ана туралы жарық көрген жазушы Жұмабай Байзақұлының «Өнегелі өмір» деректі кітабының тұсаукесері жасалды.

    Конференцияның алғысөзін алған Сырдария ауданы әкімінің кеңесшісі Б.Өтегенова атақты сауыншы Әуезованың еңбек еткен жылдарындағы ұрпаққа өнеге болған жақсы үрдістерді әңгімеледі.

    Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Е.Уайыс, Бесарық ауылдық округінің әкімі Н.Жүсіпова, ұстаз Б.Синяева, ардагер журналист Ө.Жаппархан, 1971-1974 жылдары К.Әуезовамен бірге Қазақ ССР депутаты болған еңбек ардагері Р.Жалғасбаева, Социалистік Еңбек Ері, шиелілік Ш.Қазанбаеваның қызы Ә.Жұмаділдаева, басқа да кісілер сөз алып, даңқты сауыншының өнегелі өмір жолы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

    Ақын М.Нұрхан жыр арнады. «Қос тойың қабат болсын» деген, дәл осы күні Алматы баспасынан «Түпсана жаңғырығы» атты жыр жинағы жарық көріп, қолға тиген К.Әузованың ақын ұлы Елубай Әуезов өзінің ата-анасына, туған жеріне арнаған өлеңдерін оқыды.

    Қортынды сөзді еске алу шараларын өткізу жөніндегі комиссия мүшесі, жазушы-журналист Жүзбай Таңрықбаев алып, ол бүгінгі шараның еңбек майталманының өлмес өміріне жасалған алғашқы қадамдардың бірі екенін айтты. Сондай-ақ, шараға қатысқан, атсалысқан барша азаматтарға арнайы алғыс білдірді.

    Асқа 1000-ға жуық адам қатысып, аруақтарға дұға бағышталды. Қонақтар мен ардагерлерге шапан жабылып, барша жұртқа тәбәрік таратылды.

    Шараның екінші жартысында кең далада ат шаптырылып, мәдениет үйінде келіндер сайысы өтті. Атқа шапқандар тойдан олжалы оралса, келіндер сайысына қатысқандар қазақ әйеліне тән аналарымыздан қалған әдеп пен ибаны бойларына тоқығандықтарын танытып, көременге тамаша кеш сыйлады.

    Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.