БЕТ ТЕРІСІ ТУРАЛЫ БІЗ БІЛМЕЙТІН НЕ СЫР БАР?
  • БАСТЫ БЕТ
  • РЕДАКЦИЯ
  • КӘСІПКЕР КЕЛБЕТІ ГАЗЕТІ
  • КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
  • БАЙЛАНЫС
  • Кәсіпкер және мәдениет туралы » Кейіпкерлер » БЕТ ТЕРІСІ ТУРАЛЫ БІЗ БІЛМЕЙТІН НЕ СЫР БАР?

    БЕТ ТЕРІСІ ТУРАЛЫ БІЗ БІЛМЕЙТІН НЕ СЫР БАР?

    Жаратылысынан әдемілікке құштар адам баласы бет әлпет сұлулығын бірінші орынға қояды. Қазіргі таңда бет күтімінің әдемі көрінуі үшін кейбір кісілер көптеген химиялық қоспалармен дайындалатын косметикаға жүгінсе, енді біріміз безеу, қара дақ пен аллергиядан пайда болған ауруды емдегенді жөн көреміз.

    Осы мақсатта халыққа қызмет көрсетіп жүрген мекемелердің бірі – облыстық тері-венералогия диспансері. Біз өзіміз білмейтін бет терісі төңірегіндегі нақты мәселелерге көз жеткізу үшін облыстық тері-венерология орталығының бас дәрігері Қайрат Мырзахметовтен сұхбат алуды жөн көрдік.

    – Қайрат Тәңірбергенұлы, бет терісі ауруларын қанша топқа бөліп қарастыруға болады, оның емдеу жолдары қандай? Өзіңіз басқарып отырған орталыққа адамдар бұл мәселемен қаншалықты жиі келеді?

    – Дерматология саласында жалпы тері аурулары деп қарастырылады, олар: безеу, атопиялық дерматит, себореялық дерматит, фурункул. Сүйел, папиломалар, витилиго, келоидтық тыртық, пиодермия, контагиоздық молюск, есекжем, розацеа, сикоз, фотодерматоз. Осылардың ішінде бет терісінде кездесетіні: безеу, розацеа, папиломалар, сүйелдер, сикоз, келоидтық тыртық.

    Бұл айтылып отырған аурулардың түрлеріне қарай ем тағайындалады. Мысалға: безеуді ағзаны тазартудан бастаймыз, кейін витаминотерапия, гепатопротекторлар, антибиотиктер тағайындалады. Осы ем аяқталған соң косметологиялық ем жүргізіледі.

    Тері-венерология орталығына жиі көрінетін науқастарда жоғарыда айтып өткен тері ауруларының барлық түрі дерлік кездеседі.

    Біздің орталықта арнайы ашылған косметология бөлімшесінде жасалатын ем түрлері бар, олар – безеуді жаңаша әдіспен емдеу контагиоздық молюсктерді, сүйел, папиломаларды алып тастау, күйдіру. Витилиго ауруын емдеуге қолданылатын жаңаша әдіс фототерапияны пайдалану.

    – Емдеуге көнбейтін бет терісі аурулары өңірімізде көп кездеседі ме? Оларды тексеруге, емдеуге қандай кеңес беріледі?

    – Мүлдем емдеуге келмейтін бет аурулары бар деп санауға болмайды әрине, өйткені дерматолог мамандары кез келген тері процесінің пайда болу уақытын ескереді. Ал емдеуге қиын болып табылатын тері процестерінің бірі болып – келоидтық тыртықтар, розацеа есептеледі. Біздің диспансерде әзірге лазерлық медициналық қондырғының болмауына байланысты тұрғындарды өз өтініштері бойынша Алматы қаласына жіберуге тура келеді.

    – Қазіргі таңда қыз-келіншектер мен әйел азаматшаларда жиі кездесетін бет терісіндегі түрлі дақ, безеу орындары, анық тыртық болуы ойландырады. Осыған байланысты бет терісін қалай күтіп ұстаған жөн?

    – Бет терісінің күтімі әрине тамақтану режимімен байланысты. Бет – асқазан айнасы. Сондықтанда бүгінде белең алып жатқан газды сусындар мен фастфудтың ағзаға тигізер зияны өте көп және де бет терісін күнделікті ылғалдандыру процедуралары жүргізілген жөн. Мысалға: түрлі бет маскалары, құрамында қажетті гиалурон қышқылы, биологиялық активті заттар, аминқышқылдары бар кремдер.

    Бет терісінің жағдайын ескере отырып, біздегі косметолог мамандар түрлі процедураларды ұсынады, олар: алмаздық дермобразия, мезотерапия, пилингтер, т.б.

    – Жастар арасында қандай бет терісі дерті алдыңғы қатарда? Жастардың қанша бөлігі осы тері-венерология диспансерінен ем алып жүр?

    – Жастар арасында жиі кездесетіні – безеу мен безеудің қалдық іздері. Біздің орталықта шамамен 25-30% жастар кеңес алып, емделуде.

    – Бет терісі туралы халық естімеген немесе осы жаз мезгіліне орай халық ескере жүрегін қандай шаралар бар? Немесе асқынып кеткен бет терісін қандай жолмен емдеген дұрыс?

    – Біздің өңіріміздің климаттық ерекшелігін (шаң-тозаң, құрғақшылық т.б.) ескеретін болсақ, жаз мезгілінде күннің шамадан тыс теріні қыздырып, дақ қалдырмауын алдын алу мақсатымен түрлі қорғаныш кремдерін қолданған дұрыс. Егер асқынған тері процесі болған жағдайда ең алдымен маман дәрігерге көрініп, тамақ режимін сақтап, аурулардың асқынуын емдеген абзал.

    – Бет терісі ауруын да тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатқызуға бола ма? Безеу мен дақ не себепті пайда болады?

    – Тұқым қуалау ауруына жатқызуға да негіз бар, өйткені ауру терінің түріне де байланысты (майлы, әлде құрғақ) болады.

    Бетке безеу мен дақтардың пайда болу себептері олар: терінің түрі, тамақтану мен су режимі, гормональдық өзгерістер (жасөспірімдік кезең, жүктілік, климакс), қосалқы аурулар (бауыр мен өт жолдары, асқазан созылмалы аурулары), шамадан тыс күн сәулесін қабылдау болып табылады.

    – Бүгінде облыс көлемінде кем дегенде бірнеше бетке аквапилинг, яғни бет терісіне жеңіл тазалау жасайтын жеке мекемелер бар. Олардың жұмысына қалай қарайсыздар? Оларға қояр кінәрат бар ма? Бет терісін мынадай жерге барып тазалап едім, одан кейін осындай жаман қалыпқа түсті деп келетін кісілер кездесті ме?

    – Жеке мекемелерге көзқарасым теріс емес. Егер маман қажетті білімін жетілдірген болса, өз жұмысына тиянақты қарап, емдеп жатқан науқасына сапалы қызмет көрсетіп, көңілін бөліп, емінің нәтижиесін көрсе, ол өте жақсы деп ойлаймын. Әр салада, қызметте бәсекелестік болуы қажет, онсыз сала дамымайды. Ал, керісінше жағдайда әрине, науқас зардап шегеді. Ондай жағдайлар бізде де кездесіп жатады. Мысалы адамдар қолданылған емнің аллергия беруіне байланысты келеді. Біз қолымыздан келгенін жасауға тырысамыз.

    – Енді облыстық тері-венералогия орталығының қазіргі жағдайына тоқталсақ. Орталықта қанша адам жұмыс жасайды? Мекеме қызметкерлерінің кәсіби деңгейі қандай? Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін артыру мақсатында қандай шаралар қолға алынуда? Маман жетіспеушілігі байқала ма? Мекеменің заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталуы қалай?

    – Орталықта жүздің үстінде қызметкерлер жұмыс жасайды. 17 дәрігер, медбикелер саны – 40.

    Кәсіби деңгейі бойынша 75%-і санаттылығы бар мамандар. Кәсіби деңгейін арттыру мақсатында дәрігерлер Алматы мен елордадағы конфренциялар мен оқуларға жіберіліп тұрады. Маман жетіспеушілігін толықтыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі.

    Біздің орталықта жаңадан қолданысқа енгізілген дерматоскоп аппараты мен иитилиго ауруын емдеуге қолданылатын фототерапия аппараттары соңғы жылдары алынып, жұмыс жасауда.

    – Төл мерекелеріңіз, дәрігерлер күні келе жатыр. Соған орай әріптестеріңізді, ақ халатты абзал жандарды құттықтап жіберсеңіз? Қатардағы қызметкерлерге басшының ақ тілегін есту де бір мәртебе ғой.

    – Дәрігер мамандығы – абыройлы да жауапты мамндық. Дәрігер болу оңай, оның жүгін арқалау қиын. Сондықтан өзімнің әріптестеріме тілерім, әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер, халықтың сенімін ақтап, ықылас-пейіліне бөленіңіздер.

    Кәсіби мерекеміз құтты болсын!

    Сұхбат құрған: Айдана ӘЛЖАН.