«Қазпошта» қызметі сан алуан
  • БАСТЫ БЕТ
  • РЕДАКЦИЯ
  • КӘСІПКЕР КЕЛБЕТІ ГАЗЕТІ
  • КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
  • БАЙЛАНЫС
  • Кәсіпкер және мәдениет туралы » Кейіпкерлер » «Қазпошта» қызметі сан алуан

    «Қазпошта» қызметі сан алуан

    Бүгінгі тыныс-тіршіліктің көпшілігі қазірде ақпарат алмасумен қатар жөнелтіп, қабылдап алудан тұрады. Мұндағы әлеуметтік желілерді есептемегенде, қоғамдағы ақпарат айдынында өзінің орнымен ерекшеленетін пошта қызметін атап өткенді жөн көрдік.

    Қызылорда облыстық "Қазпошта" қызметі қалай жұмыс жасауда және қазірде пошта қызметінде қандай жаңа өзгешеліктердің барын білу мақсатында «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Ибрагимқызынан сұхбат алған болатынбыз.

    – Өзіңіз басшылық жасап отырған қазіргі «Қазпоштаның» жағдайы қалай? Осыдан 25 жыл бұрын ашылған поштамен қазіргі "Қазпоштаны" салыстыруға келе ме?

    – Ширек ғасыр шегінде пошта қызметі саласында табысты істер атқарылды. Біздің мекеме аталған мерзім ішінде дәстүрлі қызметтеріміз саналатын жазбаша хат-хабарлар мен сәлемдемелер жеткізу ісін мүлтіксіз орындап келеді. Рас, жаңа ақпараттық-технологиялар дәуірі орнағалы қоғамның сұрынысы соған сәйкес артатыны түсінікті. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырдық. Жасыратыны жоқ, осыдан 25 жыл бұрынғы пошта қызметі мен бүгінгі бейнесі салыстыруға келмес. Оған бір дәлел айта кетейін. Мәселен, сіздің сәлемдемелеріңізді жерүсті және әуе көлігімен тиімді бағада еліміздің кез келген өңіріне, тіпті, шетелге де жіберуге мүмкіндік бар. Мұның басты артықшылығы неде? Жіберген затыңыз қысқа мерзім ішінде өзіңіз жолдаған мекенжайға барады. Бұл – бір. Екіншіден, жеткізу қауіпсіз. Затыңыз бүлінбейді, жоғалмайды. Онлайн арқылы қадағалай аласыз. Көрсететін қызметтеріміздің барлығы сіздің қаржыңызды үнемдеп, сападан ұтылмауға ықпал етеді.

    Ақпараттық дәуірге аяқ басып, алға жылжып келеміз ғой. Цифрландыруға көштік. Айталық, «Salem, Tenge» қаржылық қызметтері. Ол арқылы ел аумағанда жедел ақша аударымдарын іске асыруға болады. Пошта байланысының кез келген бөлімшесінен терминалмен айыппұлдар, банк несиелерін өтеу, шоттарды толықтыру, коммуналдық қызметтер, сақтандыру компанияларына, т.б. төлемдер жасай аласыз. Міне, 25 жыл ішінде «Қазпошта» өзгерістерінің бір парасы – осы.

    – Пошта дегенде көп жағдайда көз алдымызға журнал мен газет таратушы қызметкерлер елестейді. Ал негізінде, «Қазпоштаның» басты қызметі қандай?

    – «Қазпошта» – әлеуметтік құрылым. Күнделікті елмен етене араласып, сұранысына қажетті қызмет көрсететіндіктен әрбір келушіге сапа мен қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Ең бірінші кезекте, қызметкерлеріміз оларға жылы шырай танытып, тіл табыса білу қажет. «Қазпошта» сан саланы қамтып отыр. Дәл қазір клиенттерімізге 260-тан аса қызмет түрін көрсетеміз. Шыны керек, тұрғындардың көпшілігі «Қазпошта» тек газет-журнал және сәлемдемелер жеткізумен айналысады» деп ойлайды. Бұл – қателік. Негізінде, біз үш ірі бағытта жұмыс істейміз. Ең әуелгісі – пошталық қызмет. Ірі габаритті жөнелтілімдер, хаттар мен сәлемдемелер, поштоматтар, мерзімді баспасөзге жазылу, филателия сынды қызметтері бар. Сонымен қатар, қаржылық бағытта ақша аударымдарды, төлемдерді қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері, валюта айырбасы қызметтерін атқарамыз. Үшіншісі – агенттік қызмет. Оған несиелер беру, депозиттер ашу, теміржол билеттерін сату қызметтері, авто не өзге де мүліктерді сақтандыру қызметтері қоса кіреді. Бұқара өзіне қажетті қызмет түрін таңдай отырып біздің сервисімізге жүгіне алады. Бүгінде халықтың қызмет көрсетушілерге қояр талабы жоғары. Оның үстіне бәсекелестік орта бар. Сол үшін клиенттерімізге сапалы қызмет пен қолайлы жағдай қалыптастырсақ қана олардың сенімін ақтаймыз.

    – Осы кезге дейін пошта қызметінің жеткен жетістіктері туралы айта кетсеңіз?

    – Меніңше, жетістік дегеніміз – өзің басқарып отырған мекемеге елдің сенімі. Клиенттеріміздің осы жерден ойда жүрген шаруасын ойдағыдай тамамдап, риза боп шығуы. Ал «Қазпошта» АҚ-ның 25 жыл ішінде жеткен жетістігі орасан зор. Мысалы, еліміз цифрландыруға бет бұрған сәттен бастап «Қазпоштада» интернет коммерциялық даму үстінде. Бүгінде «Қазпошта» АҚ дүниежүзілік 350 мыңнан аса интернет дүкендермен сәлемдемелер және басқа да тұтынушылық тауарларды жеткізіп беруі бойынша келісімшартпен жұмыс істеуде. Айталық, әлемге белгілі миллиардер, әйгілі «Alibaba» және "Аli Express" компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен келісімге келіп, тауарларын жеткізу жұмысын бастап кетті. Мұның басты артықтықшылығы кез келген клиент өзіне қажетті тауарын шет елден интернет арқылы тапсырыс беріп, сатып алады. Тиімді тұсы мынада. Әуелі бағасы көңілге қонымды және бұған ешқандай уақыт жоғалтпайды. Шынымды айтайын, мен де осы қызмет түрін жиі қолданамын. Тағы бір жетістігіміз, соңғы кезде поштамат қызметін пайдаланатын тұтынушыларымыздың саны артуда. Мәселен, сіз бір қалаға зат жібергіңіз келсе, пошта бөлімшелерінде орналасқан поштаматқа келіп, затыңызды салып жібересіз. Сосын оның жеткізілу жолын таңдағаннан кейін, белгілі бір уақыт ішінде телефоныңызға хабарлама келеді. Бұрынғыдай поезд жағалап, зат арқалап тасымайсыз. Өте ыңғайлы. Ашығын айту қажет, тұрғындардың көпшілігі жұмысбасты. Бұл ретте уақытты ұтымды пайдалану мақсатында «Қазпошта» интернет желісінде "post.kz" мобильдік қосымшасын іске қосты. Бұл қосымша адамдардың қызығушылығын тудырып жатыр, яғни сұраныс көп. Мәселен, сіз осы мобильдік қосымшада отырып, қандай да бір жөнелтілім не құжаттарыңыздың жеткізілу процесін қадағалай аласыз. Бумада көрсетілген трек нөмірлер арқылы өз затыңыздың екінші адамға жетуіне дейінгі аралықты интернет арқылы бақылап отырасыз.

    Біздің елімізде де бұл бастамалар жалғасын тауып отыр. Әлі де сан саланы қамту ойда тұр. Мұның барлығы айналып келгенде қаржыға тірелетіні белгілі.

    – «Қазпошта» қызметін жандандыра түсу үшін қандай жұмыстар атқарылу қажет? Қандай салаға басымдық берілген жөн?

    – Сан саланы қамтып, оны жетілдіру, әрине оңай емес. Дегенмен, заманауи технологияның игілігін сәтті пайдаланып келеміз. Мәселен, дрон 100 шақырымға дейін ұшады. Ол тек газет-журналдар ғана емес сондай-ақ, салмағы 5 килограммға дейінгі шағын сәлемдемелерді де жеткізуге қабілетті. Хат-хабарды автокөлікпен тасымалдауға шамамен 4 сағат уақыт жұмсалса, бұл аралықты дрон бар-жоғы 40 минутта еркін еңсереді. Ең бастысы – үнемді әрі қолайлы. Мұндай дрондарды жақын арада іске қосамыз. Өзіңіз білесіз, облыс көлемінде кәсіпкерлік саласын дамытуға ауқымды шаралар қабылданды. Бұл ретте «Қазпошта» жанынан жаңадан франчайзинг бағыты іске асуда. Қазіргі нарық уақытында франчайзинг бағыты жылдам даму үстінде. Осы қызметті «Қазпошта» арқылы да жандандыруға болады. Яғни, кез келген кәсіпкер поштаның франшизалық бөлімін ашып алып, жұмыс істейді. Бұл халыққа да, кәсіпкерге де тамаша мүмкіндік. Осымен жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де баршылық. Әу баста жекеленген 10-ға жуық ұсыныс келіп түскен. Күн өткен сайын кәсіп бастауға ниеттілердің саны артуда. Көпшіліктің көкейінде «Франчайзинг арқылы жұмыс жүргізу қай жағынан тиімді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Қысқаша тоқталсам, іс бастаған кәсіпкер дүкендерде, аудандағы сауда орталығында пошта бөлімшесін ашып, қызметін жүзеге асырады. Бастапқы келісімшартқа сәйкес түскен табыстың бөлігін алып отырады. Яғни, кәсіпкер жаңадан жұмыс істейтін әлеуметтік серіктестерді іздемейді. Сондықтан іскер кәсіпкерлерді осы бағытта жұмыс істеуге шақырамын.

    – Жұртшылықтың «Қазпошта» қызметіне көңілдері қаншалықты толады деп есептейсіз?

    – Бұл сауалыңызға менің жауап беруім қисынсыздау болатын шығар. Өйткені, біз – халыққа қызмет көрсетеміз. Ал, еткен еңбегіміз бен атқарған қызметіміздің әділ бағасын халық береді. Дейтұрғанмен, келушілеріміздің көңіл табу үшін біз бәріне де дайынбыз. Жақында «Қазпошта» бөлімшесінің ішінен қан қысымен өлшейтін арнайы құрылғы орнаттық. Кез келген клиент осында қан қысымен өлшей алады. Қазіргі ауа райының қолайсыздығы адамға қатты әсер етеді ғой. Осыны ескердік. Сондай-ақ, балаларымен келген ата-аналарға арнайы шағын ойын алаңқайын аштық. Өзіңіз білесіз, баланы бір орында ұстап отыру мүмкін емес. Түрлі түсті ойыншықтар әкеліп, бүлдіршіндердің көңілін аулауға тырысып жатырмыз. Әлеуметтік желі арқылы да жұмысты жандандырдық. «Қазпоштаға» қатысты кез келген түйткілді мәселелерге, орын алған кейбір кемшіліктері дереу қалпына келтіріп, елдің ықыласына бөленсек дейміз.

    – Қазіргі уақыттағы зейнетақы мен жәрдемақы тарату жұмыстары туралы не айтар едіңіз? Ол қызметтер қалай жұмыс жасауда?

    – Заманның ағымына сәйкес сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру алға қойған мақсаттарымыздың бірі. Бүгінде өзіңіз атап өткен зейнетақы мен жәрдемақы тарату жұмыстарында біраз өзгерістер бар. Мәселен, жүріп-тұрысы қиын зейнеткерлерімізге қызметкерлеріміз үйіне дейін жеткізіп береді. Облыста көлемінде бірқатар қариялар зейнетақыны үйіне алдырады. Мұның құны аса қымбат емес. Сонымен бірге, карточкалар арқылы алуға да болады. Ең қызығы, біздің зейнеткерлер көпшілігі «Қазпоштаға» келіп, кезек күтіп зейнетақыны алғанды ұнатады. Операторларымыздың қызметіне жүгінеді. Алыстағы ағайынға өзі тұратын аумақта «Қазпошта» бөлімшелері орналасқан. Ауыл халқы осы пошта бөлімшелерінің қызметін пайдалануға толық мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда жұртшылықтың басым бөлігі осыны белсенді пайдалануда.

    – Қазіргі «ХХІ ғасырды ақпарат заманы» деп бекер айтпайды. Сондықтан жастардың көпшілігі хат жазып, хабар алуды доғарып, оның орнына қалта телефонына жүгінетіні баршамызға мәлім. Демек, бұл жағынан пошта қызметінде алаңдаушылықтар кездесе ме?

    – Рас, хат жазып, хабар алмасу соңғы жылдары кенжелеп барады. Мұның басты себебі – жаңа технологиялардың көптеп келуі. Әйтсе де, ақ параққа, көк сиямын жүрек жарды лебізіңді жазып, оны өзіңізге жақын жандарға жолдағанға не жетсін?! Хат тасушының бір тілім қағазды қолыңа ұсынғанда, сол сәттегі ерекше сезімді естен шығару мүмкін емес. Біздің балалық шағымыз осымен өтті емес пе?! Бүгінде әрбір жастың қолында су жаңа смартфон. Ұялы телефонмен хабар алмасады. Бұрынғыдай хат жазып, жауабын күту дегеніңіз жойылып барады. Жоқ болып кетті деп айта алмаймыз. Әлі күнге дейін хат жазысып тұратындар бар ғой. Бірақ, бірен-саран ғана. Хат жазу – адамды тазалыққа, сауаттылыққа тәрбиелейді. Мәселен, маған WhatsApp желісі арқылы жазылаған хабарламалардың көпшілігі қате-қате. Бұл сауатсыздыққа әкеліп тірейді. Біз былтыр БАҚ өкілдерімен бірлесіп, «Хат жазып тұрайық» атты акция бастағанбыз. Биыл да жалғастыруды көздеп отырмыз.

    «Қазпоштаның» арнайы телефон бағдарламасын жүктеу арқылы достарыңызға, жақын туыстарыңызға көңіл білдіретін сәлемхаттар, қарапайым тілмен айтсақ, телефоныңыздағы суретті жүктеп, жүрек тебірентер жылы сөздер жазып, құттықтау хат жолдай аласыз. Бұл – кезіндегі дәстүрлі хаттардың заманауи түрі.

    – Мұнан өзге халық "Қазпоштаның" қандай қызметтерін қолдана алады? Көп жағдайда ақпараттың аздығынан халыққа көмегі тиеді-ау деген қызмет түрлерін білмей жатамыз. Сол туралы тоқталып өтсеңіз...

    – Бүгінгі таңда халық тарапынан Тұрғын үй жинақ банкісінің депозиттерін «Қазпошта» арқылы ашу сұранысқа ие. Сонымен бірге «Банк Хоум Кредит», «Альфа» банктің несиелерін пошта арқылы ала алады. Бұл қызметтерді жүзеге асыруда Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатарда. Сондай-ақ, «Қазпоштада» теміржол, әуе билеттерін пошта бөлімшелері арқылы алу кез келген тұрғынға қолжетімді екендігін айтқым келеді. Айтпақшы, пошта арқылы шетелдік валютаны қолма-қол сатып алуға және сатуға болады. Міне, осындай тамаша мүмкіндіктерді пайдалануға қала мен барша ауыл-аймақтағы тұрғындарын шақырамын. «Қазпошта» – халық үшін қызмет етеді.

    – Келер жылға қандай тілек білдіресіз?

    – Ең бірінші кезекте, «Қазпошта» АҚ ҚОФ қызметкерлері атынан аймақ тұрғындарын алдағы 16-желтоқсан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Жаңа жыл баршамызға табыс пен молшылық алып келсін!

    – Сұхбатыңызға рахмет!

    Сұхбаттасқан: А.СЕРІКБАЙҚЫЗЫ.